Графика — (гр.graphein, тырнау, жазу, салу дегеннен).
Графика – бейнелеу өнерінің бір жанры. Кескіндеме жанрында түс пен бояу негізгі рөл атқарса, графикада (гр.grapheinгр.grapho– жазамын) сызықтар, штрихтар, ашық және қара немесе қоңыр дақтардың арақатынасы шешуші рөл атқарады, Сондай-ақ заттардың ең негізгі белгілері таңдап алынады. Графикаға гравюраның барлық түрлері плакаттық, сатиралық сурет түрлері жатады. Бейне қарындашпен, көмірмен, бормен, қаламұшпен тікелей қағазға түсіріледі немесе арнайы өңделген тақталарға немесе бедерленіп, қағазға содан басылады, кейде баспалық-механикалық әдіс арқылы көбейтіледі. Бейнелеу құралдарының қарапайымдылығымен әрі көп таралыммен басып шығаруға ыңғайлылығымен графика бұқаралық байланыс, ақпарат саласында (плакаттар, пошта маркалары, экслибристер, газет-журналдар), кітаптарды, әдеби шығармаларды безендіру үшін, әр түрлі тақырыпқа карикатура, шарж, жалпы нобай, композициялық эскиздер салу үшін, т.б. заттарды көркемдеуде кеңінен қолданылады. Графикада кескіндеме жанрындағыдай акварель, гуашь, пастель пайдаланылады. Графиканың көп ғасырлық тарихы бар. Батыс ЕуропаныңЛеонардо да Винчи, Микеланджело, Рембрандт, орыс халқының Орест Кипренский, Карл Брюллов, Василий Перов, Илья Репинсынды суретшілері өздерінің графикалық туындылары арқылы әлемдік бейнелеу өнері қорын байытты. Қазақстандағы графикалық суреттердің ежелгі (палеолит дәуірі) үлгілеріне Балқаш, Түркістан, Маңғыстау, т.б. жерлерде жартастарға салынған суреттер жатады. Қазіргі заманғы қазақ бейнелеу өнеріндегі графика 1930 – 50 жылдары аралығында қалыптасты.